Шымкентте департамент басшысы 7 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол департамент ғимаратын жөндеуге бөлінген 7 миллион теңге мөлшеріндегі қаражатты жымқырған болуы мүмкін

фото: Батыржан Беспаев

Шымкент қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген «Шымкент қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Ол 2019 жылдың маусым айында мердігер және басқа тұлғалар тобымен әрекет етіп, нақты орындалмаған жұмыс актілеріне қол қою арқылы Департамент ғимаратын жөндеуге бөлінген 7 миллион теңге мөлшеріндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», - деп хабарлайды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілердің кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.