Жұмысы жоқ, көлігі Toyota Land Crusier Prado: Досаевтың экс-орынбасары Ержан Бабақұмаров қамалды

Автор: Бақыт Шынар

Ол Астанада мас күйінде көлік жүргізген

Фото: gov.kz

Соңғы қызмет орындарының бірі ретінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың орынбасары лауазымын атқарған Ержан Бабақұмаров мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке екі реттік әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Іс қағаздарына сүйенсек, 2025 жылдың  29 қаңтар күні сағат 03.15 шамасында Астана полициясы А.Төлебаев көшесі бойында «Toyota Land Crusier Prado» маркалы көлікті тоқтатқан. Рульде Алматы әкімінің экс-орынбасары Ержан Бабақұмаров отырған. Оны медициналық тексеруден өткізген полиция Бабақұмаровтың масаң күйде болғанын анықтаған.

«Сот Ержан Бабақұмаровты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылық әрекеттер жасаған деп танып,  15 тәулікке 2 әкімшілік қамаққа алды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындады», - деп хабарланған сот қаулысында.