«Қазсушардағы» тағы бір басшы жұмысынан кетті – ол суды заңсыз бөлген

Автор: Бақыт Шынар

Оның заңсыз жұмысын аудит анықтаған

Фото: istockphoto.com

«Қазсушардың» Жамбыл облыстық филиал басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы аудиттен кейін жұмыстан кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, былтыр көктемде болған алапат су тасқынынан кейін «Қазсушар» компаниясының филиалдарында жаппай тексеру басталған.

«Тексеріс қорытындысы бойынша 30-дан астам жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалындағы тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілері, сондай-ақ шаруалармен суармалы су беру келісімшарттары заңсыз жасалғаны анықталды.  Аудит қорытындысы бойынша мекеме басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен кетті», - деп хабарлайды министрлік.

Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс алған.