Гватемалада автобус көпірден құлап, 50-ден астам адам қаза тапты - ел үш күн аза тұтады
Гватемала үш күн Аза тұтады
![Гватемалада автобус көпірден құлап, 50-ден астам адам қаза тапты - ел үш күн аза тұтады](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67aad3a2b7df2031366401.jpg)
Гватемалада Сан-Агустин-Акасагуастлан қаласынан ел астанасына бет алған автобус көпірден құлап, сайға түсті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, апат салдарынан 51 адам көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға елдің орталық бөлігіндегі Гватемала қаласына апаратын тасжолда орын алды. Құтқару қызметінің мәліметі бойынша, жолаушылар автобусы көпірден өтіп бара жатқанда, жүргізуші рөлге ие бола алмай, басқа көліктермен соқтығысқан соң автобус сайға құлаған.
Өрт сөндіру қызметі жариялаған суреттерде автобустың жартылай су астында жатқаны және айналасында қаза тапқандардың денелері көрініп тұр.
Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері жіберілді. Құтқарушылар апатқа ұшыраған көліктен тірі қалғандарды іздеп, автобустың астында қалған адамдарды шығаруға күш салып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін 36 ер адам мен 15 әйелдің денесі табылған. Аман қалғандардың нақты саны әлі белгісіз.
Гватемала қаласының мэрі Рикардо Киньонес апат орнына балама бағыттар ұйымдастыру үшін жол полициясы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Гватемала президенті Бернардо Аревало бұл қайғылы жағдайға байланысты елде үш күндік ұлттық аза тұту күнін жариялап, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
«Мен қаза тапқандардың отбасыларының қайғысына ортақпын. Олардың жан азабы — менің де жан азабым», — деді ол.