Ақпарат жалған болып шықты
Кеше telegram арналарының бірінде «HeadHunter» платформасы арқылы есірткі таситын курьерлерді жұмысқа алып жатқаны хабарланған болатын. Azattyq Ruhy редакциясы ішкі істер министрлігіне сұрау салып, бүгін жауабын алды.
«Қазақстан құқық қорғау органдары наркобизнеспен белсенді күрес жүргізіп жатқанда, ресейлік кәсіпкерлерге тиесілі танымал «HeadHunter» сайты ашық түрде есірткі таратушыларды жұмысқа қабылдап жатыр», -деп жазылған еді хабарламада.
Ішкі істер министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеп отыр. Тексеру барысында анықталғандай, «HeadHunter» платформасында көрсетілген вакансиялар Яндекс Еда қызметі арқылы тапсырыстарды жеткізуге арналған курьерлік жұмысқа қатысты болған. Бұл тапсырыстар толығымен заңды, яғни интернет-дүкендер мен азық-түлік жеткізуге арналған.
«Есірткі таратуға байланысты қызмет туралы мәлімет расталмады. Мұндай жалған ақпарат қоғамда негізсіз алаңдаушылық тудырады. Қолданушылардың бәріне «HeadHunter» платформасындағы вакансиялар бойынша күмән туындаған жағдайда, міндетті түрде ресми қолдау қызметіне хабарласуға кеңес береміз. Күмәнді ұсыныстар анықталған жағдайда, ол туралы платформа әкімшілігіне немесе құзырлы органдарға дереу хабарлау қажет», - деп хабарлайды ІІМ.