Астанада жанып жатқан көліктен бірнеше адамды құтқарған үкіметтің қызметкері мараптқа ие болды
Оны төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов марапаттады

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты Астанада болған жол апаты туралы мәлімдеді: күні кеше, 2 ақпанда қалада екі көлік соқтығысып, артынан өрт шыққан. Сол сәтте қалада отбасымен бірге жүрген Алтай Мырзабаев есімді азамат өрт сөндіргіш құралды алып, құтқарушылар келгенше бірнеше адамды аман алып қалған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алтай Мырзабаев үкімет аппаратының Қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімінің бас инспекторы болып қызмет етеді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов оқыс жағдайда ерлік танытқан Мырзабаевты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттаған.
«Өрт сөндірушілер келгенше өртті жапатармағай сөндіріп, жанымда тұрған адамға «шұғыл түрде 112 нөміріне хабарласыңыз» дедім. Содан кейін соққыдан қысылған екінші көліктен екі адамды құтқаруға кірістім», - дейді Мырзабаев.
Дереккөзге сүйенсек, жол апатында жараланған адамдар ауруханаға түскен.