«Апа от қой»: Голливуд көшелерін аралап жүрген қазақ әже жұртты кимешегімен тәнті етті

Автор: Темірхан Айжан

Ол көпшілікке «Блогер апа» деп танылған

Фото: @turmanova65

Қазақтың ұлттық кимешегі мен масатыдан тігілген өрнекті шапанын киіп, Голливуд көшелерін аралаған әжей желі оқырмандарының ықыласына бөленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АҚШ-та тұратын баласының отбасына жиі қыдырып барып тұратын Нұржамал Қасымова Instagram желісінде өзін «Блогер апа» деп таныстырады.

Ол Голливудтың қызықты тарихи орындарын аралап жүрген видеосын желіге жүктеген соң, оған көпшілік керемет тілектер арнады. «Блогер апаның» жарасымды қазақы киімін оқырмандары жоғары бағалады. Кейбір адамдар Нұржамал Қасымованың контенті өздеріне шабыт беріп, алға жетелейтінін жазып жатыр.

«Нұржамал апамызға Алла күш-қуат, деніне саулық берсін! Әрдайым жүзінен күлкі кетпей, осындай қазақи кимешекпен ұл-қыздарының, немерелерінің арасында бақытқа бөленіп жүре берсін! Қайда жүрсеңіздер де аман болыңыздар!», «Қазақтың кимешегі әдемі жарасып тұр. Қазақтар алыстан көрсе де «қазақ» деп таниды. Әдемі көрініс екен», «керемет, ұлттық киіммен аралаум-менің де арманым еді», «ұлттық киімізді мақтанышпен киіп шыққанына ризамын,  шынайы эмоциялар» деп жазып жатыр желідегілер.

Нұржамал Қасымова күнделікті өмірінің көріністерін, әсіресе дәмді тағамдар жасап жүрген видеоларын парақшасында жариялап тұрады. Оның 24 мыңға жуық оқырманы бар.