Көліктің рөлін ұстап келе жатып, намаз оқыған ер адамның видеосы тарады

Автор: Темірхан Айжан

Видео қызу талқыға түсті 

Фото: скриншот

Рөлде отырып, намаз оқыған ер адамның видеосы желіде талқыға түсті. Оны кейбірі жақтаса, кейбірі сынға алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнежазбада көргеніміздей ер адам тас жолда көлік жүргізіп келе жатыр. Ол рөлге жайнамаз секілді етіп орамал іліп қойған, сәждеге бас қойғандай рөлге еңкейіп, басын тіреп, қайта көтереді. Осылайша бірнеше рет рөлге бас қойып, намаз оқып келе жатыр.

Видеоның авторы «Жолда жүріп бара жатса да, бес уақыт намазын қаза қылмаған, әкешім» деп жазба қалдырған.

«Негізі тоқтап, оқып алған абзал, қанша асығыс болсаңдар да», «хейт не керек, өздерің намаздың кандай екенін білмейсіңдер, бастысы намазын қаза қылмады», «қабыл болсын, жолаушылар ренжитін шығар, бастысы қаза қылмай оқып отыр, өзім де таксиде, жолда оқимын», «машинаны тоқтатып, далага шығып оқу керек, ары кетсе 5 минут уақыт!», «Жүріп келе жатып оқыған қауіпті ғой, тоқтатып оқыңыз, сонда өзіңізге де, өзгеге де қауіпсіз болады», «музыкасы қатты екен», - деген пікірлер қалдырды желідегілер.