Сарбаз Марат Барқұловтың қазасы: жәбірленуші тарап моральдық шығын ретінде 50 млн теңге сұрады
Кезекті сот отырысы жалғасып жатыр
Астанадағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық әскери сотында 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты Азамат Сағал айыпталушы тараптан ұлдарынан айырылған Марат Барқұловтың әкесі Ербол Күнтінов пен анасы Әсия Барқұловаға 50 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтеуді сұрады.
Ал айыпталушы тарап марқұм Марат Барқұлов пен әкесі Ербол Күнтінов шынымен әкелі-балалы екенін дәлелдеуді беруді сұрады. Марат Барқұлов туған кезде анасының тегіне жазылған. Себебі Әсия Барқұлова мен Марат Күнтінов азаматтық некеде болған. Осы мәселені анықтау үшін жәбірленуші тарап 10 минуттық үзіліс сұрады. Бүгінгі сот отырысында жарыссөз болады деп жоспарланып отыр.
Осыған дейін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев оқиға бойынша лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтқан.
Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал Бауыржан Артықов жазаланған, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бастығы атқарып отырған қызметінен босатылған. Үш лауазымды тұлғаға қызметке толық сәйкес еместігі жайында ескерту жасалған, ал төрт офицерге түрлі тәртіптік жаза түрлері тағайындалған.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 2024 жылдың 7 қыркүйегінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің Маңғыстау облысы «Оймаша» полигонында өткен оқу-жаттығу жиынында болған.
Айыпталушы Дамир Досов дала лагерінде 9 мм ПМ қаруынан (Макаров тапаншасы) рұқсатсыз оқ атып, оқ мерзімді әскери қызметтегі сарбаз Марат Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз қалалық ауруханаға бара жатқанда көз жұмған.