Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Чириковка ауылының тұрғыны құдыққа түсіп, мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
38 жастағы азамат кешке үйінен су әкелу үшін шығып кеткен. Ұзақ уақыт бойы оралмағандықтан, анасы марқұмды іздей бастаған. Есік алдында жатқан із оны ауылдағы құдыққа әкелген. Ол баласының суда жатқанын көріп, көршілерін көмекке шақырады. Полиция өкілдерінің айтуынша ол суда бір сағаттан артық жатып қалған.
«19 қаңтар күні СҚО Есіл ауданының Чириковка ауылында су алып жатқан 38 жастағы ауыл тұрғыны құдыққа түсіп кетіп, көз жұмды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді. Тергеу жүріп жатыр», - делінген СҚО ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.