Ішкі істер министрі басшысы қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айтты
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев пен полиция сержанты Дастан Әбдіқановтың отбасыларына көңіл айтты.
«Қаза тапқан полицейлер екі айдан астам төтенше жағдайға байланысты ерекше режимде жұмыс істеді. Күн сайын қызметке кірісе отырып, олар карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласы патрульдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, мінсіз қызметі үшін бірнеше рет ведомстволық наградалармен марапатталған. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер және үлгі болды. Жарас Жанғазиев өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар қамқор әке болды. Оның екі қызы мен жұбайы қалды, ол үшінші сәбиінің дүниеге келуін күтіп жүрген еді», - деді министр.
Полиция сержанты Дастан Әбдіқанов төрт жыл ішінде өзін жауапты, принципшіл және атқарушы қызметкер ретінде көрсете білген.
«Ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін жұмсай отырып, болашаққа деген үлкен жоспарлары бар еді. Өткен жылы отбасын құрып, осыдан бір ай бұрын қызы дүниеге келген болатын. Өкінішке орай, қайғылы оқиға олардың өмірін үзіп кетті. Екі қызметкер де ең үздіктер қатарында болатын және Отанымыз үшін әлі де адал қызмет ететін еді. ІІМ-нің барлық жеке құрамы туған-туыстарының қайғысына ортақтасады. Біз үшін бұл орны толмас қаза», - деді ол.
Еске салайық, бүгін Алматыдағы блок-бекеттердің бірін бұзып өтпекші болған мас жүргізуші полиция көлігін соғып, соның салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды.