Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның мән-жайын қарастырып жатыр
Батыс Қазақстан облысында 11 жастағы бала үйінің ауласынан асылып тұрған күйінде табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жағдай БҚО Теректі ауданында 20 мамыр күні болған. Жеткіншектің 44 жастағы анасы ұлын жеке үйінен асылған күйі тауып алған. Келіншектің өзімен бірге екі баласы тұрады. Одан бөлек, жеке тұратын кәмелеттік жасқа толған үш баласы бар.
«Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектің суицид жасауы фактісі тіркелді. Мәйіт сот-медицина сараптамасына жіберілді. Аталған фактіге сәйкес, Теректі полиция бөлімінің қызметкерлері сот алды тергеу жұмыстарын бастады. Жеткіншектің өліміне қатысты барлық жайт анықталады»,- деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аудан тұрғынының бұрынғы күйеуі төрт жыл бұрын суға батып кеткен екен. Әйелдің өзі жұмыс істемейді, асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақыға күнелтеді.
Сонымен қатар, полиция тұрақты мекенжайдағы көпбалалы ананың мінездемесі жақсы екенін хабарлады. Келіншек балаларына күтім жасаған, алкогольді ішімдікті асыра пайдаланбаған.
Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Атырау облысында жоғалып кеткен 1,5 жасар бала кәріз құдығына түсіп, көз жұмған болатын.