БҚО-да тергеу изоляторына қарақұмық ішіне есірткі жасырып өткізбек болғандар ұсталды
Материалдар әкімшілік сотқа жолданды
Батыс Қазақстан облысында тергеу изоляторына марихуана және телефонға арналған SIM-картаны өткізбек болған тұрғын ұсталды. Тыйым салынған заттар пісірілген қарақұмық пен дәретхана қағазының ішіне жасырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап,
Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №74 мекемесінде тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеті тіркелді. Бұл заттар қамауда отырған азаматтардың біріне арналған. Танысы әкелген сәлемдемені тексеру барысында мекеменің тексеріп-өткізу пункті қызметкерлері ерекше иісі бар жасыл түсті марихуана және Altel операторына тиесілі SIM-картаны анықтап, тәркіледі.
«Заттарды қарақұмық салынған пластикалық ыдыстың ішінде және дәретхана қағазының ішінде жасырып өткізбек болған. Тәртіп бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 481-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Осы дерек бойынша материалдар Орал қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда және тергеу изоляторы аумағына тыйым салынған заттарды кіргізудің алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», - делінген ақпаратта.