Ақмола облысында 1 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты қолды болды

Автор: Azattyq Rýhy

Мекеме есепшісі басшысының электронды-цифрлы қолтаңбасын қолданып, өз есепшотына қаражат аударған

Ақмола облысы Зеренді ауданындағы мекемелердің бірінен бір миллион теңгеге жуық бюджет қаражаты ұрланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінде Зеренді ауданы әкімі мен аудан әкімдігі қызметкерлерімен өткен бейнеконференция барысында мәлім болған.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында Зеренді ауданы әкімдігі жанындағы мекемелердің бірінің есепшісі басшысының электронды-цифрлы қолтаңбасын қолданып, өзінің есепшотына 979 499 теңге сомасындағы қаражатты аударып алғаны анықталған. Қылмыстық тергеу әрекеттерінің нәтижесінде аталған қаражат мемлекет кірісіне қайтарылған. Мекеме есепшісінің 2 жылға бостандығы шектелді.

«Соңғы жылдарда Зеренді ауданында жемқорлыққа қатысты мемлекеттік қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша бірнеше факт тіркелгендіктен, аталған аумақта тікелей жауапты басшылар мен ұжымдарда тиісті профилактикалық шараларды ұйымдастыру мәселесі өзекті болып тұр. Осы ретте, барлық қызметкерлерді заңнамаларды мүлтіксіз орындап, мемлекеттік қызметтің абыройы мен азаматтардың билікке сенімін нығайтуға шақырамын», - деді облыстық жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Мұрат Төлеубев.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлықты алдын алу мақсатында облыс көлемінде жиі алдын алу шаралары жүргізіліп отырады. Яғни, шенеуніктерге түсіндіру жұмыстарымен қатар, оларды түрмеге апарып, жемқорлық үшін жазасын өтеп жатқан бұрынғы әріптестерімен кездестіреді екен.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы