Талдықорғанда терминал ұрлаған жігіт ішіндегі ақшаны жұмсап жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Ол төлем аппаратын таксиге тиеп алып қашқан

Талдықорғанда ойын-сауық орталықтарының бірінде тұрған төлем терминалын таксиге тиеп ұрлап әкеткен жігіт ішіндегі ақшаның бір бөлігін пайдасына жаратып үлгерген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

20 мамыр күні Талдықорған қаласындағы Шығыс қалалық полиция бөлімшесіне ойын-сауық орталықтардың бірінде орналасқан төлем терминалының ұрланғаны туралы хабар түскен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Оқиға ізін суытпай қылмыс жасаған адамды ұстадық. Ол 31 жастағы Сарқан ауданының тұрғыны. Ұрланған терминал мен аппараттан шыққан ақшаның бір бөлігі – 200 жүз мың теңге тәркіленді. Күдікті ұрлық жасағанын толық мойындады. Терминалды жалғыз өзі далаға шығарып ол, төлем аппаратын таксиге тиеп алып, жалдамалы пәтеріне алып барған. Такси жүргізушісіне терминалдың өз меншігі екенін және оны басқа жерге жеткізу керек болғанын айтқан. Сосын қолда бар құралдарын пайдаланып, терминалдың ақша салынған бөлігін бұзып, сындырған. Ішінен шыққан ақшаның көп бөлігін қажетіне жұмсап үлгеріпті. Қалғанын біз тәркіледік», - дейді Талдықорған қаласы Полиция басқармасының басшысы Асқар Нұрсапа.

Күдікті 2012 жылы да қарақшылық қылмысы үшін үшін сотты болған екен. Ол ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изолияторына қамауға алынды. Енді ол бүлінген терминалды және одан ұрланған ақшаны өтеуі қажет.