Елімізде қылмыстық іс бойынша ақталатындардың үлесі 2 пайызға жетпейді
Редакцияның сауалына Жоғарғы соттан жауап келді
Қазақстанда соттың үкімімен ақталып шығатындар саны 1,5%-дан аспайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кейінгі 4 жыл ішінде шамамен 33 мың қылмыстық іс және 411 мың азаматтық іс қаралған. Ал 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығында 16 226 қылмыстық іс, 257 309 азаматтық іс қаралған.
2020 – 2022 жылдар аралығында сот үкімімен ақталған адамдар саны біркелкі, яғни 1,5% және 1,4%. Ал 2023 жылы ақталғандардың үлес салмағы 1,2% дейін түскен, бірақ сотта қаралған қылмыстық істер саны айтарлықтай азаймаған. Биыл 6 айда 16 226 қылмыс жасалған, оның ішінде 0,8% адам ақталып шыққан.
Жоғарғы сот статистикалық есептерде сотталған ер адамдардың жеке есебі болмайды деп хабарлады.
Сотталған әйелдер мен балалар саны 2023 жылы артқан. Мәселен, 2022 жылы сотталған әйелдер саны – 2923, жеткіншектер саны – 425 болса, былтыр түрмеге түскен әйелдер саны – 3264, ал кәмелетке толмағандар саны – 509-ға жеткен.
2024 жылдың алғышқы жартыжылдығында 1980 әйел сотталып, 313 бала темір торға қамалды.