Ресей Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған 9 азаматын алып кетті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Олардың бәрі әртүрлі деңгейде жарақат алған

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Бүгін Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау түбіндегі ұшақ апатынан аман қалған тоғыз азаматын арнайы бортпен еліне алып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі де, Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі де ақпарат таратты.

Маңғыстау облысының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, тоғыз адам әртүрлі жарақат алған. Олардың бәрін әуежайға жедел жәрдем көлігі жеткізген. Жаралы адамдарды шығарып салуға Ақтау қаласының әкімі, қала ақсақалдары мен жастары келген көрінеді.

Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі берген мәліметке сүйенсек, тоғыз адамның біреуі – бала. Оларды Ил-76 ұшағы алып барады.