Қарағанды вокзалында ентелеген жұрт нөпіріне полицияның шамасы келмеді

Автор: Azattyq Rýhy

500 сарбазды күтіп алуға 1000-нан аса адам жиналған

Қарағандыда Оңтүстік өңірде әскери борышын өтеп, арнайы рейспен келген сарбаздарды күтіп алу жаппай карантин режимін бұзуға ұласты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Түнде перронда пойыздың астына түсіп кетердей ентелеген жұрт нөпіріне төтеп беруге полицияның шамасы келмей қалған. 

«Қарағанды вокзалына келіп тоқатаған пойыздағы 500 сарбазды күтіп алуға 1000-нан аса адам жиналған. Туған-туыс, дос-жарандары пойыз келер уақытта улардай шулап, вагондардың астына түсуге шақ қалған. Кезекшіліктегі бірлі-жарым полицей олардың жарақат алып қалмауын қадағалап, есі шыққан. Бетпердесіз, ығы-жығы халықтан карантин шараларын сақтауды сұрау тіпті жайына қалыпты», - деп хабарлайды телеарна.

 Ал осы дүрбелеңге жол беріп, күтіп алуды ұйымдастырмаған өңірлік штаб пен полиция қандай да бір түсініктеме беруден ат-тонын ала қашты.