«Air Astana» ұшақтарында қазақ тілді контент неге аз - министрдің жауабы
Марат Қарабаев тілге байланысты министрлік тарапынан бақылауды күшейтудің қажеті жоқ деп санайды

Көлік министрі Марат Қарабаев әуе компанияларында қазақша мультимедияның аздығының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің сөзінше, «Air Astana» әуе компаниясының ұшақтары шетелге ұшқанда оның контентін тұтынушылардың көбі - шетелдіктер. Сондықтан тілге байланысты министрлік тарапынан бақылауды күшейтудің қажеті жоқ.
«Бақылауды күшейтіп, талап қоюдың қажеті жоқ. Әрине, қазақи отандық құндылықты сақтаймыз, оны бәріміз қолдаймыз. Бірақ тұтынушылар кімдер? «Air Astana» шетелге ұшқанда тұтынушылардың көбі басқа елдің азаматтары. Олар ағылшын, орыс тілдерін түсінуі мүмкін. «Air Astana» өзі сараптап, мультимедияны солай жүктеген. Бірақ ол «Air Astana»-ның қазақ тіліндегі контентті төмендетіп жатыр дегенді білдірмейді. Сізде ұсыныс болса, айтыңыз, олар соны енгізеді. Бұл жерде ең бастысы контент тұтынушыға тартымды болса болды»,- дейді министр.