Жеңіс Қасымбектің сөзінше, жаңа уақыт белдеуі өзіне де, елорда халқына де әсер етпеген
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қазіргі уақыт белдеуінің өзіне ыңғайлы екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімнің сөзінше елорда тұрғындары жаңа сағат белдеуіне қатысты шағым түсірмеген.
«Маған қазіргі уақыт белдеуі ыңғайлы. Мен таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-21.00-ге дейін жұмыстамын. Сондықтан, менде ешқайдай өзгеріс жоқ. Біз ай сайын аудандардың тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Сол жиындарда жүздеген мәселелер көтеріледі, оған журналистер қатысады, ашық өтеді. Бұл мәселе бірде бір рет көтірлген емес. Халықты мазалайтын үлкен мәселелер аз емес. Соңғы 3-4 кездесуде бір-екі рет көтерілген шығар», - деді әкім.
Айта кетсек, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап өзгерген уақыт белдеуіне қатысты дау көп. Азаматтар петицияға қол қойып, жеткілікті қол саны да жиналған. Таяуда бір топ депутат бұрынғы уақыт белдеуіне көшу туралы үндеу жолдады.