«Менің де жүрегіме батады»: прокурор Айжан Аймағанова Шерзат туралы айтты (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Прокурорға Шерзат Полат туралы көп сұрақ келіп түскен 

Фото: Видеодан скриншот

Подполковник Айжан Аймағанова Шерзат Полаттың ісіне қатысты пікір білдірді, деп Azattyq Rýhy.

Ол Талғардағы оқиғаға байланысты халықтан көптеген сұрақтар түсіп жатқанын айтты.

«Әрине, мен де Шерзаттың ісіне алаңдаймын, бұл іс менің де жүрегіме батады, бірақ бәрі заңға сәйкес болады. Біз бір қағиданы түсінуіміз керек: әрбіріміз өз орнымызда еңбектенуіміз керек, өз жұмысымызды адал атқару ол - міндет. Алматы облысындағы әріптестерім өз жұмысын адал атқарып жатқанына сенімдімін», - деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетсек, Айжан Аймағанова әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған еді.

Еске салайық, Талғарда 4 қазан күні Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты. Көп ұзамай марқұмның отбасы тұратын үй өртеніп кетті. Құқық қорғау органдары бөтеннің мүлкін қасақана өртеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бастапқыда бұл іске байланысты жеті адам қамауға алынды. Кейін 15 қазанда күдіктілер саны онға жетсе, 17 қазанда тағы бір күдікті қамауға алынған еді. Ал депутат Абзал Құспан болса, Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 170 адам куәгер болғанын айтты.