Павлодарда мас жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды
Жүргізуші жаяу қашуға әрекет жасаған
Павлодар қаласының көшелерінде полиция қызметкерлері күдік тудырған ВАЗ-2107 автокөлігін тоқтатты. Оқиға «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы барысында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлерді көрген жүргізуші бірден жасырынуға тырысып, жылдамдығын арттырған. Расковая көшесіне бұрылған кезде, ол рөлге ие бола алмай, ағашқа соғылған. Оқиғадан кейін ол көліктен шығып, жаяу қашуға әрекет жасағанымен, полиция қызметкерлері оны тез арада ұстап алды.
«Медициналық куәландыру жүргізушінің денесінде алкогольдің болуын көрсетті. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін құқық бұзушы жауапқа тартылды. Материал сотта қаралды, онда қаулы бойынша бұзушы 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды», - деп хабарлады Павлодар облысы ПД.