Ұзақ мерзім сұрап жатыр - «Дикий Арманның» соты қашан өтетіні белгілі болды

Автор: Темірхан Айжан

Арман Жұмагелдиевке қашан үкім шығатыны белгілі болды 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Адвокат Олег Черновтың сөзінше, келер жылдың басында Арман Жұмагелдиевке үкім шығуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Арман Жұмагелдиевтің сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзге көшті. Қазір мемлекеттік айыптаушы сөз сөйлеуде. Сотталушыларға ұзақ мерзімді сұрап жатыр. Желтоқсан айының соңына дейін аяқтаймыз және 2025 жылдың қаңтар айында үкім шығады деп ойлаймын», - деп жазды адвокат.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде тергеушілер «Дикий Арман» деген атпен белгілі криминалдық беделді Арман Жұмагелдиев пен Алматы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің ісін сотқа берді. Олардың Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деп күдіктелуде. Сотталушылардың жалпы саны – 45 адам.

Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.

Алматы қалалық мәслихаты VII шақырылымының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген 2022 жылдың 22 сәуірінде ұсталды. «Дикий Арман» сол жылы 7 қаңтарда арнайы операция кезінде қолға түсті.