Маңғыстаудың чемпионы балалар үйіне 1 млн теңгесін берген - ол бұндай жомарттық танытқан тұңғыш спортшы

Автор: Темірхан Айжан

Мекеме басшысының сөзінше, Нұрсұлтан Жұбатқан өз жүлдесін жетім балаларға сыйлаған алғашқы чемпион 

Әмбабап жекпе-жектен әлем чемпионы атанған балуан Нұрсұлтан Жұбатқан жарыста жеңіп алған 1 млн теңгесін жетімдер үйіне табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Жұбатқан қайырымдылық жасау арқылы балалардың жүзінен шын қуанышты көргісі келген.

«Бұл қаражат балалардың жақсы білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға және болашақта өз орнын табуларына көмек болады деген сенімдемін. Әлем чемпионатында жеңіске жеткенімде, менің қуанышыммен қатар, сол жеңісті балалармен бөлісу ниетім болды. Алдағы мерекелерде балалардың жүздеріндегі күлкі мен қуаныштың көрінуі мен үшін үлкен бақыт. Спорт - тек күш-жігерді арттыру үшін ғана емес, мейірімділік пен ынтымақтастықты насихаттайтынын көрсеткім келеді. Осы арқылы біз өзіміздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, болашақ ұрпаққа үлгі болуға тырысамыз. Сондықтан, менің бұл ісім балаларға шабыт беріп, олардың армандарына жетуге көмектеседі деген сенімдемін», - дейді ол.

Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің басшысы Сәру Ермұханова спортшыны балалармен таныстырып, оған алғысын жаудырды.