Нұр-Сұлтанда жұмыс істеп келген жасырын есірткі зертханасы жойылды – ҰҚК

Автор: Azattyq Rýhy

Жасырын зертханадан 2 келі «A-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді

13 мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті жасырын тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде уақытша тұрғылықты жерінде синтетикалық есірткі жасауды және оларды «закладок» деп аталатын жолмен сатуды ұйымдастырған «С» деген Қазақстан азаматын ұстады. Бұл жайлы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

«Жасырын есірткі зертханасында тінту нәтижесінде, шамамен 2 келі «A-PVP» синтетикалық есірткісі («қара нарықтағы» құны шамамен 34 млн теңгені құрайды), орау материалдары, шыны құтылар, магнитті араластырғыш, сорғылар, түтікшелер, шыны цилиндрлер, респираторлық бетперделер, электрондық таразы, 2 келі реагент, 40 литр әртүрлі прекурсор және зертханалық жағдайда психотроптық заттар жасау кезінде қолданылатын өзге де бұйымдар алынды», - делінген хабарламада.

«С» деген азамат ҚР ҚІК 128-бабы тәртібінде Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.