Көкөніс тиеген жүк көліктері Шымкенттен шыға алмай тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Олар көрші елдерге жол жүруі тиіс

Ресей мен Беларусьті бетке алған жүк көліктері Шымкентте «кептеліп» қалды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.  Себебі, аумақтық инспекция беруі тиіс фитосанитарлық сертификатқа көкөніс иелерінің қолдары жетпеген. Қаңтарылған жүк көліктерінің ұзын саны қырыққа жуықтайды. Негізінен  көлікке пияз, қырққабат, болгар бұрышы және қызылша сынды тез бұзылатын өнімдер артылған.

«Мен Ресейдің Краснодар өлкесіненмін. Орынборға пияз апара жатырмын. Міне көріңіздер, ол шіри бастады. Енді осы күйі апарсақ оны кім алады?!. Тығырыққа тіреліп тұрмыз. Кім өтейді, тегін тасыған болмақпыз ба?»,- дейді көлік жүргізушісі Юрий Ковалев.

Ал Шымкенттегі аумақтық инспекция басшысы телефон арқылы берген сұқбатында бұл жәйтті өініштердің тым көптігімен байланыстырды. Бүгін 162 өтініш түсіпті. Әдетте бұл сан жүзге жетпейтін деп отыр. Мамандар күн сайын артылған көкөністерді жіті тексеріп шығады. Мекеме басшылығы жүк артан көліктер үш күннен бері күтіп жатырмыз дегенді теріске шығарды. Айтуынша  фитосанитарлық сертификат бес жұмыс күн ішінде рәсімделеді.

 «Мүмкіндігінше бүгін бәрін жіберуге тырысамыз. Егер қалып жататын болса ертең олардың бәрі өздерінің тиісті құжаттарын рәсімдеп алады. Мұның бәрі мысалы базаға да байланысты»,- дейді Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев.