«Төсек қатынасына күштеді»: декретте отырған полицейдің үстінен Көкшетаудың жезөкшелері арыз жазған

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция қызметкері Қостанай облысында жұмыс істеген

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қостанай облысының полиция департаменті өз штатындағы қызметкер Көкшетау қаласында заңсыз әрекет жасағанын растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Дәлірек айтсақ, әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа сай, ол Көкшетаудағы пәтерлердің бірінде жеңіл жүрісті қыздарды төсек қатынасына итермелеген. Редакция бұл фактіні растау үшін ішкі істер министрлігі, Қостанай облысының полиция департаменті мен Ақмола облысының полиция департаменттерінен ресми пікір сұратты.

Қостанай облысының полиция департаменті өз комментарийінде желіде тараған ақпаратты «заңсыз әрекет» деп атап, полиция қызметкері осы жылдың сәуір айынан бері декреттік демалыста екенін хабарлады.

«Қызметкер сәуір айынан бастап декреттік демалысқа шыққан және заңсыз әрекет жасаған кезде өзінің қызметтік міндеттерін орындамаған. Барлық іс-әрекеттерді ол жеке тұлға ретінде, полиция жұмысынан тыс жасады. Қостанай облысының полиция департаменті заң бұзған адамның мәртебесіне қарамастан, кез келген заң бұзушылықтарды қатаң айыптайды», - деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаменті.

Дереккөзге сүйенсек, қазір мән-жайды анықтау үшін қызметтік тергеу басталған. 

«Егер теріс қылық фактісі расталса, қызметкер заңға сәйкес жауапқа тартылады», - деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаменті.

Ал, Ақмола облысының полиция департаменті біздің сұрауымызға өзге БАҚ-да жарияланған мақаланың сілтемесін жіберді. Дәл сол мақалада полицияның үстінен жезөкшелер арызданғаны айтылған.

Ақмола облысының полиция департаменті осы іске қатысты нақты кімнің арыз жазғаны және зорлық-зомбылық фактісінің болған-болмағанын әлі растаған жоқ.