БҚО-да полиция қызметкері өз әйелін өлімші етіп сабаған

Автор: Azattyq Rýhy

Оның үстінен «Қорқыту» бабымен іс қозғалды

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерінің әйелі әлеуметтік желіде күйеуінен жиі қорлық көретінін жазып, шағымданды. Қазір бұл іс құқық қорғаушылардың назарына ілігіп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетіпті. Бұл туралы «не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook-парақшасында жазды.

Оның айтуынша, БҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция офицері Жексенов алкогольдік ішімдікке салынған көрінеді. Ол соңғы рет 2019 жылдың күзінде масаң күйде үйіне келіп, үш жасар қызының көзінше әйелін өлімші етіп сабап тастаған.

«Полицей өзінің әйелін шашынан ұстап, жуыну бөлмесіне сүйреп апарған. Ол оны тұншықтырмақ болыпты. Сол күні жөндеу жұмыстарына байланысты үйдегі суды өшірген екен. Арам ойын жүзеге асыра алмаған полицей әйелін ұрып өлтірмек болған. Сабап жатқан сәтте үйдегі кішкентай қыз қатты жылап, ер адам алаңдап қалған. Осы сәтті пайдаланған әйелі үйден қашып шыққан», - деді Д.Таңсәрі.

Мұнан кейін ол көршінің үйіне барып жасырынып жан сақтапты. Сол жерден полиция мен жедел жәрдем шақырып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Қазір әліге дейін ем қабылдап жатыр.

«Қазір оның басы ауырып, ұйқысыздық дертіне шалдыққан. Ал, кішкентай қызы саусағын қан шыққанша тістеп тастайтын әдет шығарды», - деп жазды қоғамдық қор басшысы.

Сорақысы сол, полиция күйеуінен зәбір көрген әйелдің арызын қабылдамай, ішкі істер органдарына қайта келмеуге кеңес беріпті.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі былтыр 31 қазанда жәбірленуші Алканованың расымен де арызбен келгенін растады. Алайда, біраз уақыттан кейін ол күйеуіне ешқандай шағымы жоғын айтып, жаңа арыз жазған деп мәлімдеді Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желідегі жазбадан кейін ғана полиция офицер Жексеновтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 115 бабы (Қорқыту) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.