Көлігінен 12 келі есірткі табылды: әскери майор ұсталғаны туралы ақпарат тарады

Автор: Темірхан Айжан

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Полиция жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатып, ауыр қылмыстың үстінен түсті. 31 жастағы азамат 18 пакет есірткіні көлігінде алып жүрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«10 қарашада «Балқаш-Сарышаған» автожолында патрульдік полиция батальоны «Geely Coolray» автокөлігінің 31 жастағы жүргізушісін тоқтатты. Ол мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған. Автокөлікті тексеру барысында багажынан жалпы салмағы шамамен 12 кг болатын 18 пакет ақ ұнтақ зат табылды», - деп хабарлады полиция.

Оқиға орнына шақырылған тергеу-жедел тобы тыйым салынған заттың бар екендігін растаған.

«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және есірткінің таралуын болдырмау үшін есірткі қылмыстарының жолын кесу бойынша күшейтілген жұмысты жалғастырады», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.

Egov.press Telegram мәліметіне сүйенсек, есірткі тасымалдаған ер адамның майор лауазымы бар екені және әскери бөлімде дивизион командирі екенідігі айтылады.