Түркістан облысында су шайған көпірлер қалпына келтірілді
Жұмысқа 300-ге жуық адам, 27 мотопомпа, 38 техника жұмылдырылған
Төлеби ауданы, Қасқасу елді мекенінде 3 көпір екі тәуліктің ішінде қалпына келтірілді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Зақым келген тағы бір көпір қысқа уақытта реттелмек. Қазір көліктердің жүруіне ешқандай қауіп жоқ. Күні-түні жүргізілген тынымсыз жұмыстың арқасында қысқа мезгілде өткелдер толық ретке келтіріліп, ауылдардың байланысы ашылды. Елді мекендерде электр энергиясы және табиғи газбен қамту жағдайы да тұрақты», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Төлеби ауданының Қасқасу, Кенесарық, Қосағаш, Екпінді, Біркөлік, Киелітас, Достық және Леңгір қаласының аумағында орналасқан елді мекендерінде жиналған жаңбыр суынан тазалық жұмыстары тынымсыз жүргізілуде. Тасқын судан зақым келген аудандық және облыстық маңызы бар көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, келтірілген залал шығындары есептелуде.
Еске сала кетейік, нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйлердің ауласын су шайған. Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайға байланысты, жедел штаб құрылып, су басқан елді мекендерде тиісті жұмыстарды атқару үшін 4 сектор белгіленген болатын. Атап өтер болсақ, судан келтірілген залалды жою міндеті Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарына бекітілді.