Хасан, Хусан, Фатима: Түркістан облысында тағы да үшем дүниеге келді

Аягөз Құрмаш

Сәбилер № 2 облыстық перинаталдық орталықта туған

Хасан, Хусан, Фатима: Түркістан облысында тағы да үшем дүниеге келді
Фото: gov.kz

Сайрам ауданы Ақсу елді мекеніндегі Эгамбердиевтер отбасында үш перзент дүниеге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

27 жастағы Назима Эгамбердиева екі ұлынан кейін өмірге 17 қазан күні 2 ұл мен 1 қыз әкелді. Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйіне шықты. Отбасының қуанышымен бөлісуге келген туыстары сәбилерді көру үшін перзентхана маңына жиналып, ақжарма тілектерін білдірді.

«Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 34 аптасында жоспарлы кесір тілігі арқылы дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 келі 430 грамм болса, екіншісі – 2 келі 490 гр, үшіншісінікі 1 келі 730 грамға жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы үшемдерге Хасан, Фатима, Хусан деп ат қойыпты. Алғашында нәрестелерге медициналық көмек қажет болды», - деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дәрігерлердің айтуынша, үшемдер туған кезде аппаратта болған. Оларды алғашқы күндері жоғары күтімге мұқтаж нәрестелер бөлімшесінде бақылаған. Тексеру, емдеу, күтіп баптау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жағдайлары жақсы, медицина қызметкерлерінің көмектерінен соң үшемдер жақсы салмақ қосып, ана сүтін қанағаттарлықтай еміп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Түркістанда үшем туып, есімдері Қасым, Жомарт, Кемел деп қойылған еді. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.