Жамбыл облысының тұрғыны 26 жыл бойы құжатсыз жүрген

Автор: Темірхан Айжан

Анасы оны қойлы ауылда үйде босанған

Фото: gov.kz

Сарысу ауданында жас жігіт өзінің 1998 жылдың 6 ақпанында шопандар отбасында дүниеге келгенін айтып, сотқа жүгінген, нәтижесінде сот оның туу фактісін растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жігітті анасы үйде босанып, дәрігерге көрінбеген, туу туралы куәлік алмаған. Медициналық мекемеде босанбағандықтан оған АХАЖ органдарынан тіркеу жүргізілмеген және ешқашан құжаты толтырылмаған.

Ауылдық округ әкімі өтініш берушінің жеке басын анықтау жөніндегі комиссия құрып, оның жасын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Қорытындыға сәйкес, арыз берушінің физикалық дамуы 24-25 жасқа сәйкес келеді.
Сот сенімді дәлелдер негізінде арыз берушінің туу фактісін растады, бұл оған қоғамдық және құқықтық өмірге толық қатысуға мүмкіндік береді.