Күдікті қыз өз кінәсін мойындады
Астанадағы әйелдер киім дүкенінің өкілі полицияға арызданып, бутиктен сөмкесі ұрланғанын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға бойынша шұғыл-іздестіру шараларын жүргізген Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері 21 жастағы күдіктіні анықтап, қамауға алды. Қыз дүкенге сатып алушы ретінде кіріп, сатушының аңғалдығын пайдаланып, шағын сөмкені өз сөмкесіне салып алған.
Қылмыс дүкендегі бейнебақылау камералары арқылы әшкере болды. Күдікті қыз өз кінәсін мойындады.
«Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, дәлелді заттар тәркіленді. Күдіктіге елден кетпеу және тиісті тәртіпті сақтау туралы қолхат берілді», - делінген хабарламада.