Өрт тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы салдарынан туындаған
Павлодар облысында өрт сөндірушілер отыз екі адамды эвакуациялады. Кеше, 13 мамыр күні облыс орталығында Катаев көшесіндегі бес қабатты үйден өрт шықты. Бұл туралы Павлодар облысының ТЖД-ің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт туралы хабар Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчеріне сағат 14:47-де келіп түскен.
«Үшінші қабаттағы бір бөлмелі пәтердің ішінде және балконда үй заттары, жиһаз бен тұрмыстық техника өртенді. От төртінші және бесінші қабаттардағы бір бөлмелі пәтерлердің балкондарын да шарпыды. Өрт сөндіруге №3 өрт бөлімінің қызметкерлері аттандырылды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арақсында өрт он бес минут ішінде ауыздықталып, толықтай сөндірілді. Газдан қорғау қызметінің мамандары өрт шыққан подъезден отыз екі адамды, оның ішінде алты баланы эвакуациялады», - делінген хабарламада.
Павлодар қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ренат Валишановтың айтуынша, өрт тұрғындардың отты абайсыз пайдалану салдарынан туындаған.
«Өрттің жалпы аумағы 19 шаршы метрді құрады», - дейді Ренат Валишанов.
Қазіргі кезде өрт келтірген шығын көлемі анықталып жатыр. Павлодар қаласының Төтенше жағдай басқармасының бастығы қала және облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, өздерінің мүлкі мен жақындарын қорғауға шақырды.
Сонымен бірге, кеше Екібастұз қаласының Горняк бақша кооперативінде кірпіш тұрғын үйдің ағаш құрамалары толықтай жанып кетті.
Өрттің жалпы аумағы 36 шаршы метрді құрады. Өрт туралы хабар сағат 18:07-де келіп түсті. Өрт сөндіру қызметінің мамандары өртті сағат 18:57-де ауыздықтап, сағат 19:45-те толықтай сөндірді. Қазіргі кезде өрттің себептері мен шығындары анықталып жатыр.
Өткен тәулік ішінде облыс аумағында екі өрт пен он өртену оқиғалары орын алды. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына өңірде өрт сөндіру қауіпті кезеңі жүріп жатқанын ескертіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.