Павлодарға Сеулден 156 жолаушы ұшып келді

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бәрі - қазақстандықтар

фото: 2gis.kz

Бүгін Павлодар әуежайына Токио-Сеул-Павлодар бағытымен ұшып келген эвакуациялық борт қонды. Әуе кемесіндегі жолаушылардың бәрі - қазақстандықтар. Павлодар облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәлімдеуінше, 156 адамды тасымалдау үшін 7 автобус ұйымдастырылып, полицияның сүйемелдеуімен оларды межелі орынға жеткізген.

«Токиодан ұшар алдында азаматтар термометриядан өтті, келген кезде арнайы костюм киген эпидемиологтар, медициналық қызметкерлер мен барлық қажетті қызмет мамандары қарсы алды. Алгоритмге сәйкес, шетелден келгендер арасында сауалнама және термометрия жүргізілді, оларға қорғаныш маскалары берілді. Жүк пен әуе кемесі арнайы дезинфекциядан өтті, - дейді департаментте.

Барлығынан COVID-19 инфекциясын анықтау үшін талдау алынды, нәтижесі шыққанша жолаушылар карантиндік госпитальде болады. Егер, жолаушылардан коронавирус анықталған жағдайда, олар инфекциялық госпитальге жіберіледі.