Елтай елдімекенінде қатты жауын-шашыннан арық тасыды
Түркістан облысы Еңбекші ауданының, Елтай елдімекенінде қатты жауын-шашын салдарынан арық тасыды. Су Төлеби ауданынан барып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ІІМ ТЖК сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда су Елтай елдімекеніне келіп жетті. Салдарынан 60 тұрғын үй ауласын су басты және 3 шаруашылық нысан қирады. ТЖД күштерімен су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері арықтардың механикалық тазарту жұмыстарын жүргізуде», - деп жазылған хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 60 үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ.
«Тұрғын үй аулаларындағы судың деңгейі 20-50 см-ді құрайды. ТЖ салдарын жою бойынша ТЖД жедел штабы құрылды. ТЖ салдарын жоюға 57 қызметкер және 14 дана техника, 14 дана МП-100 жұмылдырылды», - деп жазылған хабарламада.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округы Сұлтан-Рабат ауылы Сауран көшесінде және Достық елдімекені Жылқыбаев көшесінде аудан аумағында жауған нөсерлі жаңбырдың суы жалпы жиыны 77 тұрғын үйдің ауласына кіргені туралы хабарлама түскен. Тұрғындар Ленгер қаласындағы N8 колледжге жайғастырылып, тиісті заттармен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, Көксәйек а/о, N9 колледжде эвакуациялық бөлімше әзірленген. Оқиға орнында жергілікті әкімдік пен ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.