Ер адам 28 қыркүйекте балық аулауға кетіп, содан бері байланысқа шықпаған
Қостанай облысында жоғалып кеткен 57 жастағы ер адамның денесі табылды. Бұл туралы «Дос» іздестіру-құтқару жасағының еріктілері мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алау сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның денесі Тобыл өзенінің Б.Майлин ауылы маңындағы жағалаудан 250 метр қашықтықта табылған. Құтқарушылар марқұмды судан шығарып алды.
Еске салайық, 28 қыркүйекте 1967 жылы туған ер адам балық аулауға кетіп, содан бері байланысқа шықпаған. Б.Майлин ауылы маңындағы Тобыл өзенінің жағасында жоғалған азаматтың автокөлігі мен жеке заттары табылған еді.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер жұмылдырылып, қайықтар мен дрондар қолданылды.