Алматы облысында көлігінен қару табылған кәсіпкерге төрт айып тағылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

Алматы облысының Полиция департаменті Панфилов ауданында сақшылар тарапынан зәбір көрдім деген Асылбек Әукеновке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Кәсіпкерге Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.  Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Жақын арада ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу барысындағы бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілетін болады», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Оның айтуынша, 14 сәуір күні 1978 жылғы А. есімді азаматша күдіктінің алдау жолымен аса ірі көлемдегі арнайы техникасын иемденгені туралы арызданған. ҚР ҚК 195 бабының 4-бөлігі (Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк ірі залал келтіру) бойынша іс қаралды.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған А. есімді азамат жәбірленушінің 11 миллион теңге көлеміндегі қаражатын алғаны анықталды. Оның жұбайын Қытайдан шығарып, Қазақстанға қайтаруға жәрдем көрсетемін деп алаяқтық жолмен жымқырған. Бұл әрекеті үшін ҚР ҚК 190 бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) іс қозғалған. Сонымен қатар, ұсталған азамат өзінше билік ету жолымен жәбірленушінің жұбайының «Toyota Land Cruser Prado» маркалы автокөлігін иемденген. Ол ҚР ҚК 389-бабымен (Өзiнше билiк ету) күдікті деп танылды. Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында күдікті азамат ұсталды. Сотпен санкцияланған тінту кезінде куәгерлердің қатысуымен автокөлік салоныннан заңсыз сақталған қару тәркіленді. ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі бойынша (Атыс қаруын заңсыз сақтау) айып тағылды», - деп хабарлады А.Әзірбек.

Естеріңізде сала кетейік, кеше Панфилов ауданында жеке шаруа қожалығының иесі, 1983 жылы туған Асылбек Әукенов есімді кәсіпкер сақшылар пара талап етті, кейін көлігіме жасырын қару салып жіберді деп мәлімдеме жасаған еді. 

Әмірболат Құсайынұлы,  Алматы облысы