СҚО-да 60 тоннаға жуық астық ұрлаған кәсіпкер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

56 жастағы жергілікті кәсіпкер уақытша ұстау изоляторына қамалды

Солтүстік Қазақстан облысында маусымдық қылмыс санатына жататын астық ұрлығы көбейді. Диқандардың себуге дайындап қойған 60 тонна тұқым қолды болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының сақшылары сәуірдің 27-інен бастап «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы мүлік ұрлығын жылдам ашу және оны болдырмау мақсатында аудандарда мобильдік топтар құрылған. Олар қараңғы түсе айналма жолдар мен далалы жерлердегі жолдарды бақылайды, ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің қолындағы құжаттарды тексереді.

«Айта кететіні, өзара іс-қимыл жасасудың арқасында Жамбыл ауданындағы ЖШС-тің бірінен астық ұрлығы ашылды. 30 сәуір күні себуге дайындап қойған тұқымның 59 тоннасы жетіспейтіні анықталды. Келтірілген шығын 6 млн. теңгеден астам. Аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асан Қайдаров хабарлағандай, жедел-тергеу тобы оқиға орнына дереу жеткен, сол кезеңде кәсіпорынның күзетшілерімен  сәуірдің 27-не қараған түні бейнекамераларды сөндіру фактісін анықтады. Бұл, полицейлердің жұмысты тиісті бағытта жүргізуіне септігін тигізді», - делінген СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Күдікке серкітестіктің 3 жұмысшысы мен 56 жастағы жергілікті кәсіпкер іліккен. Соңғысы уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін кепілдікпен босатылған. Қалғандарына қатысты міндетті түрде келу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тұқым тиелген үш «КамАЗ» автокөлігі алынып, астық иесіне қайтарылды.

Көктемгі егістік жұмыстарына жұмылдырылған азаматтар мен техника  блокбекеттер арқылы кедергісіз өтеді. Жергілікті атқарушы органдар «ақ тізім» құрған. Аталған деректер полицейлермен мобильді планшеттер арқылы қолданылатын «Сергек» деректер базасына енгізілген.

Эльмира Мәмбетқызы, Солтүстік Қазақстан облысы