Павлодар облысында кәріз құдығына түскен төрт адам газдан уланған

Автор: Azattyq Rýhy

Олар бірден аудандық орталық ауруханаға жеткізілген

Фото: depositphotos.com

Павлодар облысының Шарбақты ауылында кәріз жүйесінде жұмыс істеп жүрген 4 адам белгісіз газдан уланған. Олардың екеуі ауыр жағдайда Павлодар қаласына жеткізілді. Бұл туралы Өңірлік жедел жәрдем стансасынан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шарбақты ауылынан адамдардың уланғаны туралы шақырту түсті. Белгілі болғандай, 1956, 1975, 1982 және 1992 жылғы туған ер адамдар кәріз құдығына түсіп, техникалық жұмыстар жүргізген. Жұмыс барысында белгісіз газдан уланған. Олар бірден аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Кейінірек екеуінің жағдайы ауырлай түскені себепті медициналық авиацияның реанимобилімен Павлодар қаласына жеткізілді», -деп мәлімдеді облыстық жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметінен.

68 және 42 жастағы екі науқас Павлодар қалалық № 3 ауруханасының токсикология бөлімшесіне жатқызылған.