Ермек Көшербаевтың орынбасарымын деген алаяққа кәсіпкер 50 млн теңгесін бере салған

Автор: Azattyq Rýhy

Оның үстіне, кәсіпкерді алдаған адам түрмеде отырып, телефон соққан

Фото: gov.kz

Өскемен қаласының соты қазір түрмеде отырған Әбдірахманов текті адамға қатысты сот үкімін шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антикордың мәліметіне сүйенсек, бұл адам су тасқыны кезінде түрмеге телефон алдырып алып, өңірдегі кәсіпкердің біріне телефон соққан. Өзін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарымын деп таныстырған.

«Оған су тасқынының салдарын жоюға көмектессең, болашақта бизнесіңе жеңілдік жасап, көмек көрсетемін деп сендірген. Осылайша, кәсіпкердің 50 млн теңгесін алып алған», - деп хабарлайды Антикор.

Сот оның бұған дейінгі жазасын қосқанда, бас-аяғы сегіз жыл қамауда отырады деген үкім шығарды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысын 2023 жылдың маусымынан бері Ермек Көшербаев басқарып келеді. Қазақстандағы су тасқыны 2024 жылдың наурызында басталған.