«Жалған крипто-әмиян»: алаяқ Алматы тұрғынын 67 млн теңгеге алдаған

Автор: Молдатай Сымбат

Алаяқ әзірге тек 19,5 млн теңгені қайтарды

Фото: istockphoto.com

Алаяқтық жолмен криптовалютаны иеленген Алматы қаласының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бостандық ауданының аумағында тараптар арасында криптовалютаны алып сату бойынша мәміле жасалған. Белгісіз «X» азамат жәбірленушіні алдап, крипто-әмиянының жалған шотын хабарлаған.

«Ол жәбірленушінің 67 млн тенге көлемінде ақша қаражатын иеленді. Мемлекеттік айыптаушының ұстанымын ескере отырып, сот сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушіге 19,5 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Үкім заңды күшіне енді.

Қала прокуратурасы азаматтарды электронды ақша аударымы кезінде қырағы болуға шақырады.