Париж Олимпиадасына қатысқан жеңіл атлетті бұрынғы жігіті өртеп жіберген

Автор: Молдатай Сымбат

Оның денесінің 75 пайызын күйік шалған

Фото: BILD

Париж Олимпиадасына қатысқан Уганда спортшысын бұрынғы жігіті өртеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

BILD жазуынша, ұзақ қашықтыққа жүгіретін жеңіл атлет Ребекка Чептегей қатты күйік алып, ауруханаға түсті.

Жергілікті БАҚ оны бұрынғы жігіті өртеп жібергенін жазып жатыр. Париждегі Олимпиада ойындарынан кейін 3 апта өткенде жеңіл атлеттің бұрынғы сүйіктісі оның үйіне жасырын кіріп, спортшыға канистрден бензин құйып, өртеген.

«Күдікті де қатты күйік алды», - деп хабарлады жергілікті полиция.

Көршілер өртті байқап, құтқару қызметіне қоңырау шалған. Чептегей Кенияның Элдорет қаласындағы ауруханаға жеткізілді. The Star газетінің хабарлауынша, жеңіл атлет денесінің 75% күйік шалған.

Чептегай Олимпиада ойындарында марафон жарысына қатысты. Ол 2 сағат 32 минутта 42 шақырым жүріп өтіп, 44-ші орынға ие болды.