Іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда
Ресейлік ТЖМ құтқарушылары Камчаткадағы Ми-8 тікұшағы апатқа ұшыраған аумақтан 17 адамның денесін тапты. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі Ресей ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі уақытта 17 мәйіт табылды. Іздеу жұмыстары жалғасуда», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Оқиға орнында Камчатка өлкесі бойынша Ресей ТЖМ ММ іздеу-құтқару жасағының тоғыз құтқарушысы жұмыс істеуде.
«Ауа райының қолайсыздығынан тікұшақ төбеге соқтығысқан болуы мүмкін», - деп қосты Төтенше жағдайлар қызметі.
Ми-8 тікұшағының сынықтары 980 метр биіктіктен, борт соңғы рет байланысқа шыққан жердің жанында табылды.
Айта кетейік, сенбі күні бортында 22 адамы бар тікұшақ Камчаткадағы Вачкажец жанартауы аймағында жоғалып кетті. Авиакомпанияның басқа борты іздеуге жіберілді.