Ол таныс әжейдің бала-шағасына айтпай, 1 жыл көлемінде бір компанияға арасында 70 000-150 000-200 000-дап ақша салып жүргенін айтты
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы алаяқтарға алданған кейуананың оқиғасы туралы Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол таныс әжейдің бала-шағасына айтпай, 1 жыл көлемінде бір компанияға арасында 70 000-150 000-200 000-дап ақша салып жүргенін айтты. «Үй ұтып алу мүмкіндігі бар» деп арбаған. Ал оның орнына неше түрлі кішкентай үтік, ыдыс-аяқ тауарлар алыпты.
«Осыдан шамамен 2 апта бұрын әлгі компанияның өкілі хабарласып, «сіз үй ұтып алдыңыз» деп ремонты мықты 4 бөлмелі үйдің видеосын жіберген ғой. «Әй, осыған дейін қайда болдыңдар?» десе, «компанияның бастығы өліп қалып, банкрот болды. Соны жаңа бастық сатып алып, розыгрышты қайта жасап жатыр» депті. Ой, бұл бергі жағы. Бір кезде не аты, не заты жоқ ауызекі тілде жазылған «договор» жіберген. Ол жерде әлгі квартира 70 000 000 тұратыны, 10% салық төлеу керектігі, ол оны компания өзі төлейді, тек 232450 тг жетпей тұрғаны жазылған. Оны ұтып алған адам төлеу керек екен.
Апа балаларының «өтірік» деген сөзін тыңдамай, тағы ақша аударды. Бір жағынан ол кісіні де түсінуге болады. Жасы 76 да, біреу хабарласып, «апа, үй ұттыңыз. Астанаға келесіз, билетін өзіміз алып береміз» деп әбден іші-бауырына кірген. Оның үстіне менеджердің аты Ислам болса…
Енді не үй, не ақша жоқ. Бірақ, апа әлі сенеді. Ауылда бәріміздің аға-жеңге, апа-жезде, ата-әжеміз бар ғой. Бір хабарласып, қал сұрап қойсаңыздар екен. Бұл оқиғамен де бөлісейік. Біреудің ақшасы қалтасында қалар бәлкім…», - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.