Ақтөбеде бүтін бір подъездің тұрғындары екі күн бойы себепсіз қамалып отырған
Ақтөбедегі Батыс-2 ықшам ауданының тұрғындары санитар мамандарға сенуден қалған. Себебі, індет ошағы деп карантинге жапқан подеъезден вирус табылмай, сондағы тұрғындарды екі күн себепсіз қамап қойыпты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
«Органдардың бәріне, ІІБ-на телефон соқтық. Біреуі білмейді. Кім жіберді? Нұсқау берген адам жоқ. Екі күн тұрды солай. Жылап-еңіреп, бәріміз қатты қорықтық»,- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Шара Қанымкүл.
Тұрғындарға мамандар алғашқыда көршілерінен індет табылғанын айтады. Бастапқыда карантинге көндіккенімен, қолға еш қағаз ұстатпаған соң, жан-жаққа сұрау салыпты. Сол кезде санитар дәрігерлер мен полицейлер мекен-жайдан шатасқанын бір-ақ біледі.
«Жергілікті полиция қызметі тап сол №9 үй үшінші корпустағы подъезден кішкене шатасқан. Көп қабатты үйлерде подъездердің домофонында қай пәтерден қай пәтерге дейін жазылмайды. Шамалап санайды. «Мына үйден мынау үйге дейін» деп. Сөйтіп қасындағы көрші подъезбен шатастырып алған», - дейді Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Осының кесерінен нағыз індет ошағы екі күн бойы ашық қалған. Вирус жұқтырған адам осы подъезде тұрады екен. Санитар мамандар мен тәртіп сақшылары мекен-жайдан шатасып жүргенде, мұндағы тұрғындар туған-туыстарына көшіп үлгерген. Ал он бес пәтерлі бүтін бір подъезде қазір карантинде небәрі үш отбасы отыр. Айналдырған үш шаңырақтың адамдарының сынамасы дұрыс болып шығыпты. Енді жақындарын жағалап кеткендерді сұрастырып жатыр. Қазір Ақтөбеде 50 подъезд бен 22 жер үй карантинге жабылған. Ондағылар он төрт күн бойына сыртқа шыға алмайды, дүкен мен дәріханаға да бара алмайды.