Қазіргі уақытта зақымдалған учаскені қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде
Бүгін, яғни 25 тамызда сағат 17:07-де Шымкент қаласы «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндірістік филиалының апаттық қызметіне «Ынтымақ-2» шағын ауданында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar-ға сілтеме жасап.
Оқиға орнына жедел жеткен «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның апаттық бригадасы анықтағандай, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС аумағына жақын жерде белгісіз себептермен құрғақ шөп жанған.
Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ.
Алайда өрт салдарынан жер асты жоғары қысымды полиэтилен газ құбыры еріп кеткен.
Төтенше жағдайды оқшаулау мақсатында апаттық бригада екі газ құдығындағы вентильдерді жапты.
Газбен жабдықтау жүйесінен уақытша ажыратылды: «Көкбұлақ» ауылы, «Тәуелсіздікке 20 жыл» ауылы, «Алтын төбе» ауылы, «Ақбұлақ» ауылы, «Жаңа Тұрлан» ауылы – барлығы 820 жеке сектордағы үй, сондай-ақ 3 өнеркәсіптік кәсіпорын.
Қазіргі уақытта зақымдалған учаскені қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Газды қайта қосу жұмыстары 2024 жылғы 26 тамызда күндізгі уақытта басталады.