Домбыра жүк салғышқа сыймаса, оған адам сияқты билет сатып аласыз - Air Astana өкілі
Соңғы уақытта өнер жұлдыздары ұлттық аспаптарын бортқа өткізе алмадық деп шағымданатын болған
Халықаралық стандартқа сай, ұшақтың жүк салғышына сыймайтын дүниені тапсырмай, бортқа алып кіргісі келетін адам оған жанынан билет алу кере. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған брифингте Air Astana компаниясының жерүсті қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Александр Небога мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Редакция тілшісі тіпті сәукелесін қолында ұстап отыру үшін оған жеке билет алған Мақпал Жүнісованың кейсін мысалға алып, мәселені анықтауға тырысты.
Әуе компаниясының өкілі хабарлағандай, ұлттық аспап болсын, өзге дүние болмасын, жүк салғышқа сыймаса, билет алу керек.
«Ұшақта жүк тасымалының жалпы стандарты бар. Бәрі соған сай жүреді. Ұшақ та, оның жүк салғышы да резеңке емес, сондықтан, жүк салғышқа сыймаған нәрсені не жүк түрінде тапсыру керек, не оған билет алу керек. Мен тек домбыра туралы ғана емес, бүкіл аспаптар туралы айтып отырмын», - деді ол брифингте.