Димаш Маңғыстау өңірі жайлы деңгейі бөлек туынды әзірлейді

Автор: Молдатай Сымбат

Әнші киелі өңірді аралап қайтты 

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімі мен Димаш өңірдің туристік әлеуетін және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды талқылады. Сондай-ақ, әкім әншіні 2025 жылғы «Ақтау - түркі әлемінің мәдени астанасы» атты маңызды іс-шараға қатысуға шақырды.

Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, Ақтау қаласының бас жоспары Баку мен Дубайдың үлгісі бойынша қайта қаралды.

«Бұйырса, Ақтауды ірі курорттық орталыққа айналдыру жоспары бар», - деді ол.

Димаш Құдайберген Маңғыстаудың тарихи-мәдени жерлерін аралап шықты. Киелі өңірдің руханияты, мәдениеті мен туризмін көрсететін деңгейі бөлек туынды әзірлеуді жоспарлауда.

Маңғыстау облысына алғаш рет келген әнші өңірдің тұмса табиғатынан ерекше әсер алғанын және мұндағы туристік нысандарды насихаттауға үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

«Бозжыраға жақындай бергеннен бастап, керемет әсерге бөлендік. Ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Туризм саласын дамыту бағытында алған істеріңізге сәттілік тілеймін. Демалыс орындарын дайындау, ішкі, сыртқы туристерді тарту оңай жұмыс емес. Бізде ел мүддесі үшін, мәдениетімізді дамыту бағытында жұмыс істесек, одан басқа арман жоқ. Осы елдің баласы болғандықтан, барынша қолдауға дайынбыз»,- деді Димаш Құдайберген.