Екі қабатты үйде 2-3 жылдай ешкім тұрмаған дейді қызметкерлер
Қайрат Сатыбалдының Астананың сол жағалауындағы зәулім сарайлары таңдай қақтырды. Бір гектар жерге салынған көлемі 1000 шаршы метрден астам жеке жайда 16 бөлмелі екі қабатты үй, оның жанында тағы екі ірі нысан бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғимараттардың бірінде балалар емделіп жатыр, ал екіншісінде үлкен бассейн орналасқан. Ішінде киім ауыстыратын бөлмелері бар. Футбол ойнайтын алаң салынған. Оншақты көлік қоятын тұрақтар бар. Олардың төртеуі жабық тұрақ. Аулада жасыл жапырағы жайқалған әртүрлі ағаштар өсіп тұр.
Қамал секілді қоршалған Сатыбалдының жеке жайы Астанадағы мешіттің жанында орналасқан. Ол бір көшенің бойын алып жатыр.
Айта кетейік, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі журналистерге сұхбат беріп, Астанадағы ең қымбат аудандардың бірінде орналасқан Қайрат Сатыбалдының зәулім сарайын көрсетті. Оны түрмеде отырған Сатыбалды Астана әкімдігінің балансына берген.
Авторлары: Нұргүл Әубәкірова, Айжан Темірхан